Бүгін Түркістан қаласында туристік және рухани, заманауи орталық» Қолөнершілер қалашығының » ашылу салтанаты болып, «Turkestan World Craft- Fest-2025 » фестивалінің шымылдығы түрілді. Бүкіл дүниежүзі көз тіккен » Түркістан дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» атты бұл форумға әлемнің жеті елінен жетпістен астам, әр өңірден 300- ге жуық қолөнер шеберлері қатысуда.
Орталықтың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеров қатысып, құттықтау сөз сөйледі. «World Craft Concil» халықаралық ұйымының құрметті елшісі Азизбек Мұртазаев түркістандық қолөнершілерге игі тілегін жеткізе келіп, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлына » Түркістан қаласы-қолөнершілер қаласы» мәртебесінің куәлігін салтанатты жағдайда табыс етті. Дәстүрлі өнер майталманы, Қ Р Халық әртісі Айгүл Қосанованың » Мәрт қазақ» әнімен » Бисұлтан» би ансамблінің керемет өнерімен басталып, » Саялы Сарыағаш» этнофольклорлық ансамблінің орындауындағы Бұхар жыраудың » Қайран Еділ» туындысымен, Глафира Богатованың халық әні «Қараторғаймен» жалғасқан концертті көрермен қауым қызыға тамашалады.
Қолөнершілердің өнер көрмесі 26- 27- қыркүйекке дейін жалғасады. Зергерлердің зерлі білезік- жүзігі, асыл тасты моншақтары, ұлттық көйлек- шапандар, кілемше- алаша, күміспен қапталған ер- тұрман, белбеу, қамшылар, бір сөзбен айтқанда, қол өнер шеберлерінің көз майын тауысып жасаған небір өнер туындыларын көрем десеңіз, «Қолөнершілер қалашығына » келіңіз! Бұл орталық тек ұлттық өнердің өркениетін ғана емес, әлемнің түкпір- түкпірінен ағылған туристерді тоғыстыратын киелі орын болмақ!
