ТҮРКІСТАН: «АЗАМАТТАРДЫ ӨЗ ПІКІРІН АШЫҚ БІЛДІРУГЕ ШАҚЫРАМЫН»

 

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен қоғам арасындағы байланыстың ашық болуын әрі маңызды шешім қабылдайтын халықтың ұсынысын ескеруді көздейді. 

Біз таяуда ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Асқар САПАРҒАЛИЕВПЕН сұхбаттасып, тұжырымдаманың қалай жүзеге асырылып жатқанын сұраған едік. 

– Президентіміз «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деген болатын. Құқықтық статистика комитетінің осы тұжырымдаманы іске асыруға белсенді атсалысып жүргенін білеміз. Айтыңызшы, өңірімізде Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

– Қазақта «тыңдалмаған сөз жетім» деген өте астарлы сөз бар. Айтылған сөзге құлақ асып, сөзді жетімсіретпеудің үлгісі ретінде Президентіміз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғаны белгілі. Тұжырымдама халықтың сұранысына жедел және тиімді жауап беру арқылы мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы кері байланысты қалыптастыруды көздейді. Президент тапсырмасын іске асыру үшін комитет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап «e‑Өтініш» ақпараттық жүйесін іске қосты.

– Жүйенің тиімділігі неде? Мұның пайдалы тұсын қарапайым халық сезініп жатыр ма? 

– Әрине, қазір өтініштерді жолдау рәсімі жеңілдетілді. Бұрын азаматтар өтініш беру үшін мемлекеттік органдарға барып, оны қағаз түрінде тапсырып, оның қаралу барысын канцелярияға қоңырау шалу арқылы бақылап отыратын. Ауыл тұрғындары кей жағдайларда аудан орталығына, тіпті, қалаға немесе облыс орталығына баруға, пошта қызметтерін пайдалануға мәжбүр еді. Бұл өз кезегінде олардың уақытын және қаржысын шығындайтын. Айталық, бір өтінішті жіберу үшін 2–3 күн күтіп, оған кемінде 600–700 теңге жұмсайтын. Қазір кез келген азамат ғаламтор арқылы өтінішті ешқайда шықпай-ақ аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдарға жолдай алады. Есесіне, бұрынғыға қарағанда уақыты да үнемделді.

Екіншіден, өтініштерді қарау процесі толық автоматтандырылды. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Әкімшілік рәсімдік процессуалдық кодексі мемлекеттік органдарға өтініштердің талаптарға сәйкестігін тексеру, мүдделер қақтығысы мен өкілдік мәселелері бойынша шешім қабылдау, тыңдау ұйымдастыру, әкімшілік актілер қабылдау, шешімдер мен әрекеттерге шағымдану және тағы басқа да жағдайларды жедел шешуді міндеттеп отыр.

Аталмыш ақпараттық жүйе өтініштерді қарау процесін автоматтандырылған режимде жүргізуге бейімделген. Кодекс талаптарына сәйкес әкімшілік актіге қатысты сотқа шағым түсірілген жағдайда өтініштердің қаралу барысы мен нәтижелері туралы материалдар қамтылған әкімшілік істі қалыптастыру қажет. Ақпараттық жүйе әкімшілік істі сот дерекқорына автоматты түрде жіберуге мүмкіндік береді, бұл өтініш берушілерді шағымды сотта қарастыру үшін материалдар жинау міндетінен босатады.

Үшіншіден, өтініштерді қарау мерзімдерін бақылау күшейтілді. Ақпараттық жүйе барлық мемлекеттік органдар үшін бірыңғай платформа болғандықтан, өтініштерді қарау мерзімдерін бақылауға арналған тиімді механизм құру мүмкіндігі пайда болды. Бұрын бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесінде деректер бір жерге шоғырланбағандықтан, мемлекеттік органдар өз ведомстволарының жұмысын дер кезінде бақылай алмады. Қазіргі таңда ақпараттық жүйедегі бақылау функционалы орталықтан бастап ауылдық деңгейге дейін өтініштердің қаралу мерзімдерін үздіксіз қадағалауға мүмкіндік береді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *