ТҮРКІСТАН: «АЗАМАТТАРДЫ ӨЗ ПІКІРІН АШЫҚ БІЛДІРУГЕ ШАҚЫРАМЫН» — 2

 

Төртіншіден, өтініштердің қаралу барысы туралы ақпараттың жеделдігі артып, жауап сапасына берілетін бағалау қызметі енгізілді. Бұрын өтініш берушілер өз өтініштерінің қаралу барысын мемлекеттік органдардың канцеляриясы мен Call‑орталықтарына телефон шалу арқылы бақылай алатын. Қазіргі таңда ақпараттық жүйе немесе мобильді қосымша арқылы жолданған өтініштердің мәртебесі туралы ақпарат пайдаланушының жеке кабинетіне, ал, пошта арқылы жолданған өтініштерге SMS‑хабарламалар арқылы келеді.

Сонымен қатар өтініш берушілерге мемлекеттік органның жауабын бағалау мүмкіндігі берілді. Жүйе іске қосылғаннан бері 71 318 өтініштің жауабы бағаланып, олардың 53,4 пайызы мемлекеттік органдардың жұмысына оң баға берген.

Бесіншіден, аналитикалық зерттеулер жүргізуге жол ашылды. Мәселен, өтініш берушілердің жас ерекшелігі, ұлты, аймақтық бөлінісі бойынша талдаулар жасалынады. Сонымен қатар өтініштердің сипатына қарай, яғни азаматтардың ел аумағында, жекелеген өңірлерде, соның ішінде ауыл тұрғындарын не мазалайтынын анықтауға болады. Азаматтардың қандай қызмет салаларына жиі жүгінетінін анықтауға, олардың ведомстволық бағыныстылығын бақылауға, сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігіне қатысты рейтингін қалыптастыруға мүмкіндік туды. Мұндай деректерді талдау арқылы уәкілетті мемлекеттік органдар жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының бұзылуын алдын алу бойынша превентивті шаралар қабылдап, өз қызметіне қатысты тәсілдері мен тәжірибесін жетілдіре алады.

– Азаматтардың өтініштерін қарау тәртібін кім қадағалайды? Өтініштерді орындамаған жағдайда мемлекеттік органдар қандай жауапкершілікке тартылады? 

– Құқықтық статистика комитеті уәкілетті орган ретінде өтініштерді есепке алу, олардың қаралу тәртібінің сақталуын бақылап отырады. Сонымен қатар ҚР Президентінің 2003 жылдың 28 наурыздағы №1050 Жарлығымен бекітілген өкілеттіктері аясында Құқықтық статистика комитеті мемлекеттік органдарда өтініштерді тіркеу мен қарау кезеңдерінде азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Мәселен, жыл басынан бері 5 мыңнан астам бақылау-қадағалау іс-шаралары жүргізіліп, 750-ге жуық түрлі заңбұзушылықтар анықталды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті ықпал ету шаралары қабылданып, нәтижесінде 600-ге жуық лауазымды тұлға әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

– ҚР Конституциясына сәйкес еліміздің әрбір азаматы мемлекеттің қызметіне араласуға құқығы бар. Яғни оған «е-Өтініш» платформасы арқылы да жүгінуге болады. Осы тұста көпшілікке қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Көпшілікті өз пікірін ашық білдіріп, «е-Өтініш» арқылы елмен, мемлекетпен тығыз байланыс орнатуға шақырамын. Бүгінде әр азаматтың қолында өз үнін билікке жеткізетін нақты құралы бар. Сіздің өтінішіңіз жай хат емес, ашық әрі халық үніне құлақ асатын мемлекет құру жолындағы маңызды қадам деп түсінеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *