Түркістан қаласы бүгінде қарқынды дамып келе жатқан урбанистік орталықтардың бірі ретінде жаңа кезеңге қадам басып отыр. Қаланың сәулеттік келбетімен қатар, инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру – жергілікті атқарушы билік алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, электр желілері мен телекоммуникация инфрақұрылымының жай-күйі тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін өзекті сала саналады.
Осы бағыттағы қордаланған мәселелерді саралау және оларды жүйелі түрде шешу мақсатында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен тек техникалық кемшіліктерді атап өту ғана емес, жауапты мекемелер арасындағы өзара үйлесімділікті арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Жиын барысында Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Мақсат Батырханов қала әкімінің тапсырмасымен жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесін таныстырды. Тексеру қорытындысы бойынша қаланың бірқатар аумақтарында техникалық және санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін елеулі кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, Тәуке хан даңғылы, Сәбит Ерубаев көшесі және Қуаныш базары маңында жарық шамдары мен бағдаршам бағаналарына рұқсатсыз ілінген сымдардың көбейіп кеткені, кейбір секторлық аймақтарда ескірген электр және телекоммуникация бағаналарының әлі де пайдаланылып отырғаны белгілі болды. Сонымен қатар, рұқсатсыз орнатылған трансформаторлар тұрғындардың қауіпсіздігіне ғана емес, қаланың жалпы көрінісіне де кері әсерін тигізіп отыр.
Бұл олқылықтар тек эстетикалық кемшілік емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін факторлар екені атап өтілді. Электр сымдарының бейберекет ілінуі, техникалық талаптарға сай келмейтін трансформаторлар өрт шығу немесе адам өміріне қауіп төндіру ықтималдығын арттырады. Сондықтан мұндай заңсыздықтарға жол бермеу – қала басшылығының қатаң бақылауында.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жиын барысында анықталған барлық кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жоюды нақты тапсырды. Ол бұл мәселелердің созбалаңға салынбай, жүйелі әрі жедел шешілуі қажет екенін қадап айтты. Қызмет көрсетуші мекемелерге – «Оңтүстік Жарық Транзит», «Қазақтелеком», «Транстелеком» және өзге де ұйымдарға нақты міндеттер жүктеліп, жауапкершілік күшейтілді.
Сонымен қатар, жиында инфрақұрылым саласындағы ведомствоаралық үйлесімділіктің маңызы ерекше атап өтілді. Қала аумағында бір мекеменің жүргізген жұмысы екінші ұйымның қызметімен үйлеспей қалатын жағдайлар жиі кездесетіні жасырын емес. Мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін барлық инфрақұрылымдық жұмыстар алдын ала жоспарланып, келісілген форматта жүргізілуі тиіс.
Электр және телекоммуникация инфрақұрылымы – қала өмірінің көзге көріне бермейтін, алайда ең маңызды жүйелерінің бірі. Ол тұрғындардың тұрмыстық жайлылығына, қауіпсіздігіне және қаланың жалпы имиджіне тікелей әсер етеді. Түркістан секілді рухани, тарихи әрі туристік маңызы зор қалада артық сымдар, қисайған бағаналар мен қараусыз қалған трансформаторлар болмауы керек. Бұл – тек талап емес, заман талабы.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі алдағы уақытта мұндай заңсыздықтардың қайталанбауы үшін нақты алдын алу шараларын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Бұл жерде тек кемшіліктерді жоюмен шектелмей, тұрақты бақылау мен мониторинг жүйесін жетілдіру маңызды. Тексерулердің жүйелілігі, тұрғындардың шағымдарына жедел әрекет ету және жауапкершілік тетіктерін күшейту арқылы ғана нақты нәтиже болмақ.
Қорыта айтқанда, Түркістан қаласында электр және телекоммуникация инфрақұрылымын ретке келтіру бағытында қолға алынған жұмыстар – бұл жай ғана техникалық өзгеріс емес, қаланың қауіпсіздігі мен заманауи келбетінің кепілі. Қала басшылығының талапшыл ұстанымы мен нақты тапсырмалары Түркістанның тұрақты, қауіпсіз әрі тартымды қала ретінде дамуына берік негіз қалайды. Түркістан – тек өткеннің емес, болашақтың да қаласы. Сондықтан оның инфрақұрылымы да сол биік деңгейге сай болуы тиіс.
