ТҮРКІСТАН: САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ  — 2

 

– Өкілетті органдарда, яғни мәслихаттарда қазір қанша депутаттық орын бос тұр?

– Түркістан облысында 23 облыстық, 44 қалалық және 248 аудандық сайлау округі бар. Облыстық мәслихатқа партиялық тізім арқылы сайланған депутаттар саны – 23. Тарқатып айтар болсақ, «Amanat» партиясынан – 14, «Ақ жол» демократиялық партиясынан – 4, «Ауыл» партиясынан – 4, «Respublika» партиясынан сайланған 1 депутат бар. Қазіргі уақытта облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттарда бос орындар жоқ.

– Соңғы жылдары ауыл әкімдерінің сайлауы өткізіліп жатыр. Халық өзінің қалаулыларын іріктей алды ма?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ауыл әкімдерін сайлау жөнінде бастама көтергені белгілі. Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл әкімдерін сайлау жөніндегі заң жобалары әзірленіп, 2021 жылғы 24 мамырда заңнамалық түзетулер қабылданды. Жаңа нормалар 5 маусымнан бастап күшіне енді. Ауыл әкімдерінің алғашқы сайлауы 2021 жылы 25 шілдеде өткізілді. Сол жылы облыс бойынша 68 әкім сайланды. 2021–2025  жылдары 261 ауыл әкімі сайланса, биыл 22 ауыл әкімін сайлау көзделіп отыр.

2024 жылы өткен сайлауларда сайлаушылардың орташа қатысу деңгейі 56 пайызды құраса, былтырғы сайлауда халықтың белсенділігі 60,1 пайызды көрсетті. Түркістан облысында барлығы 181 аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ болса, барлығында да әкімдер сайлау арқылы сайланды.

– Облыста қанатқақты режимде өткізілген аудан әкімдерін сайлау нәтижесі қалай болды?

– Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларына орай облыстық маңызы бар аудан және қала әкімдерін сайлауға қатысты заңнамалық түзетулер әзірленді. Осы пилоттық  жоба аясында 2023 жылдың 5 қарашасында Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ және Шардара аудандарында аудан әкімдерінің сайлауы өткізілді. 2025 жылы 5 қазанда Сайрам ауданы әкімінің сайлауы өтті. Бұл бастама саяси бәсекелестікті арттыруға және азаматтық қоғамның саяси өмірдегі рөлін күшейтуге бағытталған.

– Облыстағы сайлау учаскелерінің техникалық жабдықталуы қай деңгейде? Жалпы, сайлау процесіне дайындық және оны ақпараттандыру жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Облыстағы 948 сайлау учаскесінің бәрі де заманауи техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Ақпараттандыру жұмыстары облыстық және аудандық әкімдіктердің ресми сайттарында ашылған «Сайлау» бөлімдері арқылы жүйелі жүргізіліп отырады. Сонымен қатар, сайлау комиссияларының «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшалары да белсенді жұмыс істейді. 2025 жылы ақпараттық жұмыс аясында 48 870 хабарландыру жарияланса, жыл басынан бері 3 216 ақпараттық хабарлама жарияланып, оған 2 459 жаңа жазылушы қосылды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу мақсатында түрлі мемлекеттерде өткен сайлауларға қатысып, екіжақты келісімдер мен ынтымақтастық орнатуға баса назар аударып келеді. Әр мемлекеттің сайлау жүйесін реттейтін өз заңнамасы бар, ал, Қазақ-станда «Сайлау туралы» Конституциялық заң арқылы сайлаушылардың құқықтары толық қорғалған деп сеніммен айтуға болады.

2025 жылы 14 мамырда киелі Түркістан қаласында түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің сайлау органдарының тұңғыш отырысы өтті. Кездесуге ТМҰ мүше мемлекеттер Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және ТМҰ-ға бақылаушы мемлекет Мажарстанның орталық сайлау органдарының, сондай-ақ 4 беделді халықаралық ұйым, атап айтар болсақ, Түркі мемлекеттері ұйымы, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығы (A-WEB), Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), Түркі академиясының басшылары, сондай-ақ ТМҰ елдерінің ғалымдары, Парламент депутаттары, ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанындағы сараптамалық кеңестің мүшелері, облыстық және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты. Қатысушылар Түркістан қаласының түркі әлеміндегі тарихи және рухани маңызын атап өтіп, оны түркі халықтарын біріктіретін ортақ құндылықтардың символы ретінде бағалады.

Сайлау комиссиясы алдағы уақытта да өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып, сайлаушылардың сенімін ақтауға тырысады. Бұл үшін барлық қажетті шаралар қабылданып, сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен мүдделері қорғалатын болады.

– Кеше Дүниежүзілік сайлау күні өтті. Бұл даталы күнді қалай атап өттіңіздер?

– Дүниежүзілік сайлау күніне орай облыстық аумақтық сайлау комиссиясы бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыс аумағындағы аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссиялары білім беру ұйымдарымен бірлесіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырды. Жалпы, 1000-нан аса кездесу, дәріс, пікірталас және интерактивті форматтағы алаңдар, жастарға арналған мазмұнды іс-шаралар өтті.

«Электоралды қағидаттар – сайлаушы сенімінің негізі» ұранымен өткен басқосуларда заң үстемдігі, сайлау құқығын сақтау, азаматтық жауапкершілік пен жастардың демократиялық үдерістердегі белсенді рөлі кеңінен сөз болды. Бұл кездесулер жастарды елдің қоғамдық-саяси өміріне бей-жай қарамауға, өз таңдауына жауапкершілікпен қарауға үндеді.

Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында өткен дәрістер, пікірталастар, «Дөңгелек үстел» мәжілістері мен бейнероликтер байқауы қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және сайлауға саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етті.

– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан 

 Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *