ТҮРКІСТАН: САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ

 

Сайлау заңнамасындағы маңызды өзгерістер, цифрлы технологияларды енгізу тәжірибесі және өңір сайлаушыларының белсенділігі жөнінде Түркістан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Аңсар ӨСЕРБАЕВПЕН әңгімелескен едік.

– Аңсар Жаңабайұлы, халқы тығыз қоныстанған Түркістан облысында сайлаушылардың сайлау науқанына қатысуға деген белсенділігі қандай? Әңгімені осыдан бастасақ…

– Бүгінгі таңда облыстағы халық саны 2 млн. 154 мың адамды құрайды. Оның ішінде дауыс беру құқығына ие азаматтар саны – 1 195 814, бұл – өңір халқының 55,4 пайызы. 2025 жылдың 17 қаңтарынан бері сайлаушылар саны 3 391 адамға көбейді. Белгіленген алгоритмге сәйкес, биыл да 17 қаңтарда жергілікті атқарушы органдар тарапынан сайлаушылар тізімі ұсынылып, салыстыру нәтижесінде оның нақтылығы 100 пайызды көрсетті.

Сайлаушылардың сайлауға белсенді араласуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі ретінде кандидаттардың жергілікті деңгейдегі танымалдылығы мен қоғамдағы белсенділігін айтуға болады. Өйткені, тұрғындар үшін жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, инфрақұрылымды дамыту, ауыз су мен ағын су мәселелері, жайылым жерлердің жай-күйі секілді күнделікті өмірге тікелей қатысы бар түйткілдердің қалай шешілетіні маңызды.

Екіншіден, сайлау комиссиялары тарапынан жүргізілетін ақпараттық жұмыстардың да сайлаушылардың белсенділігіне тигізер әсері мол. Атап айтар болсақ, тұрғындарға шақыру қағаздарын тарату, әлеуметтік желілер мен «WhatsApp» мессенджері арқылы  инфо-графикалар жариялау, сайлау учаскелерінің орналасқан жері мен шекаралары жөніндегі мәліметтерді жүйелі түрде жеткізу, сондай-ақ жарнамаларды тиісті жерге орналастырудың маңызы ерекше. Тәжірибе көрсеткендей, аталған жағдайларды ескерген кезде кейбір елді мекендерде сайлаушылардың қатысу деңгейі 90 пайызға жетсе, кейбір учаскелерде бұл көрсеткіш керісінше 20 пайызға да жетпей жатады. Осыған байланысты аудандық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларына тұрғындарды барынша ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аудару тапсырылды.

– Сайлау учаскелері мен олардың шекараларындағы өзгерістер туралы не айтасыз?

– Бүгінгі таңда облыста барлығы 948 сайлау учаскесі бар, оның  26-сы жабық режимде жұмыс істейді. Қазір жаңа сайлау учаскелерін ашу және қолданыстағы учаскелердің шекараларын түзету жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы

3 жаңа учаске ашылып, 34 учаскенің шекарасы қайта қаралды.

– Сайлау комиссияларының жұмысы қалай ұйымдастырылып жатыр?

–  Облыста бүгінде 126 мүшесі бар 18 аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісі үшін 3 округтік, 23 облыстық, 292 бір мандаттық аудандық, қалалық сайлау округі бар. Жалпы, облыстағы 948 учаскелік сайлау комиссиясына 6 254 адам мүше. Ал, барлық деңгейдегі комиссия мүшелерінің саны – 7 955.

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай жағдайлар жасалған?

– Биылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша облыста 14 579 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың 3 164-і қоларба пайдаланады. Ал, 7 642 адамның көру, 3 773 адамның есту қабілеті нашар. Олардың сайлау құқығын сақтауына қатысты мәселелер толықтай шешілген деуге болады. Яғни олардың сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруіне барлық жағдайлар жасалған. Пандустар орнатылып, тактильді жолақтар төселіп, қажетті құлаққаптар мен тиісті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

2025 жылдың 22 қазанында ҚР Орталық сайлау комиссиясы мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, жол картасы бекітілді. Бұл жол картасы сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі әрбір сайлаушыға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қолайлы жағдайлар жасауды көздейді. Бұдан бөлек, басқа да ауру түрлерімен, атап айтқанда, қарттық, инсульт, инфаркт, ота жасатып келген және тағы сол сияқты науқастанып, төсек тартып жатқан сайлаушылардың сайлау күні сағат 12:00-ге дейін берген өтініштерінің негізінде ол азаматтар үйінде дауыс бере алады.

– Сайлау комиссияларына мүше азаматтардың біліктілігі де маңызды ғой, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– 2026 жылға арналған оқыту жоспарына сәйкес, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелеріне арнайы семинарлар мен оқу-тренингтерін өткізу қарастырылған. Аудандық маңызы бар қалалар, кенттер және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын ұйымдастыратын аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, сондай-ақ шығып қалған облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарының орнына сайлау өткізетін округтік және учаскелік комиссия мүшелері үшін де арнайы семинарлар ұйымдастырылады.

Оқыту барысында сайлаушылар тізімін қалыптастыру, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, үгіт-насихат жұмыстарын заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру және бақылау, сондай-ақ сайлау комиссияларына түсетін арыз-шағымдарды қарау тәртібі сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлінеді. Алдағы уақытта каскадтық әдіспен қалалық және аудандық АСК мүшелеріне, сондай-ақ округтік және учаскелік комиссиялар мүшелеріне арналған оқу курстары ұйымдастырылатын болады.

Былтыр облыс көлемінде 430 семинар өткізіліп, 5 181 комиссия мүшесі білім алды. Сол жылы маусым айында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бастамасымен Түркістан қаласында арнайы семинар ұйымдастырылып, оған қалалық және аудандық АСК төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшылары қатысты. Қорыта айтқанда, бұл мәселе – біздің ұдайы назарымызда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *