Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.
Заңға енгізілген нормалар қатарында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылатыны, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершіліктің қатаңдатылатыны бар. Сондай-ақ, отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқармақ. Енгізілген осындай және өзге де түзетулер қоғамда қызу талқыланды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру құптарлық бастама. Бұлардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді.
Бұдан бөлек, 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгені белгілі болды. Мұның өзі де бүгінгі қоғамда өзекті мәселелердің санатында тұрғаны анық. Ендігі жерде кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Міне, осы және өзге де заңдар бүгінгі күн талабынан туындап отырған міндеттер үдесінен шығары сөзсіз. Осыны түсінген азаматтар алдағы уақытта құқық бұзушылыққа жол бермеуге әрекет ететіні белгілі.
Кристина СИДИРОПУЛО,
«Түркістан облыстық «Хрисана» грек этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.