Уақытты тиімді жұмсау, әр сағатты елге пайдалы істермен өрнектеу – заман талабы. Осы қағиданы ұстанатын Түркістан қаласының жұртшылығы әр таңды еңбекпен қарсы алып, әр күнді еңбекпен шығарып салуда десек қателеспейміз. Оған – 5 жыл ішінде ажары ашылып, маңдайы жарқырай түскен Түркістан қаласындағы өзгерістер дәлел. 2018 жылы 19 маусымда Түркістан облысын құру туралы тарихи Жарлыққа қол қойылған болатын. Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде дамудың жаңа сатысына қадам басты. Көне шаһардың жаңа дәуірі басталды. Тарих үшін қысқа ғана уақыт болып есептелетін 5 жылда Түркістанда адам қызығарлық істер атқарылды. Оның ішінде азаматтық қоғам қалыптасып, қоғамдық бірлестіктердің саны артты. Кейбір ағайындар «осындай дағдарыс кезеңінде Түркістанға сонша қаржы жұмсайды? Басқа өңірдің бәрі дамып кетті ме? Жаңа құрылыс алаңы ретінде неге Түркістан таңдалды?» деген сұрақтарды қойып, қоғам талқысына салып жүр. Орынсыз талқы. Қазақ үшін Түркістанның орны бөлек. Түркістан – ұлттық рухымыздың жаршысы, мемлекеттілігіміздің сақталып қалуына үлес қосқан қасиетті шаһар. Қазақтың болмысы мен тарихы, шежіресі сіңген қала. «Түркістан – ұлттық бостандығымыз бен елдігіміздің ақ ордасы. Қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін дүниеге әкелген алтын бесік әрі оны кемелдендірген өнегелі мектеп» деген сөзінен-ақ оның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Түркістанды дамытуға деген ниеті, жоспары болғанын аңғарамыз. Түркістан туралы тарихи дерек өте көп. Бүгінде Күлтөбе қорғаны маңындағы археологиялық жұмыстар қаланың тарихы өте тереңде екенін дәлелдеуде. Көне ғасырларда Шауғар, Яссы деп аталған шаһардың нақты қанша жыл бұрын пайда болғанын дөп басып айту қиын. Тарихшылардың зерттеуіне сүйенсек, Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде адамдардың 550 мың жыл бұрын мекендегенін көрсеткен. 550 мың жыл! Профессор Жамбыл Артықбаев өзінің зерттеу мақаласында Түркістан туралы маңызды деректерді жұртшылыққа ұсынды. Профессордың еңбегінде орыс зерттеушісі П.Рычковтың Түркістанды ең көне шаһарлардың бірі деп бағалап, жазып кеткені айтылады. Рычков тіпті, Ташкент, Ходжант, Кашкар, Табат және өзге де қалалардың Түркістан билігіне бағынғанын да сөз еткен екен. «Қорытындылай айтсақ, Түркістан аймағында қалалық өркениет өз бастауын неолит дәуірінде пайда болған шағын қоныстардан алады деп есептеуге болады. Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрияны, метталлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазір Түркістан кішкене қала болғанымен, ертеде үлкен қалалық аймақтың орталығы, Тұран өркениетінің алтын бесігі болды», – дейді Ж.Артықбаев. Темір дәуірінде Сырдың орта ағысы парсы деректерінде «Сака» аталған. Мұнда «Авеста» айтуы бойынша «тура» деп аталатын тайпалар мекен еткен. Сол себепті сақ-тұр тайпалары мекен еткен өлке Тұран деп аталған. Ахмет Ясауи кесенесінің салынуына байланысты Иасы қаласының көлемі батыс пен оңтүстікке қарай ұлғайып, аймақтың саяси орталығына айналады да, қала жаңа атаумен – «Әзіреті Түркістан» деп аталады. XVI ғасырдан бастап «Түркістан» атауы қалаға мықтап бекиді. Жалпы, қазақ даласында қалалар аз болмаған. Олардың ішінде ежелгі Иасының, одан берідегі Түркістанның жалпы түркі жұрты, оның ішінде қазақ халқы үшін қадір-қасиеті де, ұлт тарихынан алатын орны да ерекше болған. Ол – өткен мен бүгінгіні жалғап тұрған, кешегіміз бен келешек арасындағы алтын көпір іспетті. Қазақтың айбынды хандары мен билері, ұлы тұлғалары өмір сүріп, мәңгі қоныс тапқан Түркістан туралы әлі талай зерттеулер жүргізіліп, деректер ашылатыны анық. Қазір Қ.А.Ясауи кесенесі маңында жүргізіліп жатқан абаттандыру мен археологиялық жұмыстардың өзінде жәдігерлер табылып, зерттеліп жатыр. Ендеше кезінде Қазақ хандығының астанасы болған Түркістанды қолдау, дамыту – тарих алдындағы әділдік. Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстар басталды. Ұлы Жібек жолы арқылы Еуропа мен Қытайды, Орта Азия мен Ұлы даланы жалғастырып жатқан тарихи шаһардың туристік әрі экономикалық әлеуеті жоғары. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын Түркістаннан бастауында да үлкен мән бар. «Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді» деген еді Қазақстан Президенті. Бүгінде Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен, ел Үкіметінің жіті қадағалауымен Түркістан қаласындағы құрылыс қарқынды түрде жалғасып жатыр. Түркістан – еліміздегі тұрғын саны көп өңірдің бірі. Демографиясы жоғары. Өзекті мәселелері де аз емес. Тек облыс орталығын ғана емес, тұтас облысты дамыту бағытында да жүйелі жұмыс бар. Өткен жылдың қорытындысы туралы жұртшылыққа ақпар берілген. Сондықтан Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Облыста 168,7 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 109,1 %-ды құрады. Тек Түркістан қаласына салынған инвестицияның өзі 160 млрд теңгеден асты. Түркістан облысының негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы. Бұл салада жалпы өнім көлемі 110,0 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға артты. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 18,3 млрд теңгені (100,0%), мал шаруашылығы 90,8 млрд теңгені құрап отыр(102,8%). 71,1 мың тонна ет (тірідей салмақта), 221,1 мың тонна сүт, 65,2 млн дана жұмыртқа өндірілді. Түркістан облысы құрылғалы бері егіс көлемі 12 мың гектарға артты. Облыс әкімінің бастамасымен Түркістан қаласы маңында жасыл белдеу қалыптастыру және жаңбырлатып суғару тәсілін енгізу бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. «Жаңбырлатып суғару технологиясының тиімділігін ескере отырып, елімізде кеңінен ендіруді қажет деп санаймыз. Жаңа технология қою керек. Сала үш бағытта дамиды. Үлкен шаруашылық жасап не орта шаруашылықпен жылына 2-3 өнім алуға болады. Болмаса, кішігірім үйдің іргесіндегі жерден де өнім алуға болады. Жұмыс істету керек, бос жатқан жер қалмауы тиіс». Бүгінде Түркістан облысында 2-3 га алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын ендіру өз нәтижесін беріп жатыр. Жобаның тиімділігі сол 1 га жерден жылына 6-7 млн теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік бар. Үшінші бағыт – жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суғару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасын жүзеге асыруда облыста Сарыағаш, Түлкібас, Жетісай, Отырар, Келес аудандарында ілкімді іс бар. Түркістанды жасыл қалаға айналдыруды негізгі мақсаттың бірі ауыл шаруашылығындағы жаңа тәсілдерді енгізуге бастамашыл болып келеді. Шаруалармен кездесуінде өңір басшысы «Түркістанның айналасына каналдар қазылып, су келді. Жаңбырлатып суарудың тиімділігін түсінген шаруалардың қатары көбейгені қуантады. Аптап ыстықта ырысын қара жерден іздеген шаруалар мезгілі жеткенде бейнетінің зейнетін көреді. Осылайша, біз қалада «Азық-түлік белдеуін» қалыптастырамыз. Жаппай жүргізілген «Жасыл белдеу» шаңды жел мен дауылдан қорғану үшін табиғи тосқауыл ретінде жасалуда. Жасыл желекке бөленіп, қаладағы ауаны тазартып, климатты жұмсартады» деген болатын. Өңірде 141,3 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп тұр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 26,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 128,7%-ға ұлғайды. 2020 жылдың қаңтар мен наурыз айы аралығында Түркістан облысының сыртқы сауда айналымының көлемі 58,6 млн АҚШ долларына жетсе, оның ішінде экспорт көлемі 42,1 млн АҚШ долларын құраған. Бұл деректерді бекер қозғап отырған жоқпыз. Әрбір сан мен көрсеткіштің артында мыңдаған адамның маңдай тері мен еңбегі жатыр. Жалпы, тарих үшін екі жыл дегеніңіз өте қысқа уақыт болғанымен, Түркістан облысы осы уақытта үлкен белесті бағындырды. Аудан, қалаларды дамыту бойынша да жүйелі жұмыс, бағдарлама бар. Қиындықтар да көп кездесті. ЮНЕСКО-ның өзі мойындаған киелі шаһар тұтас өңірді алға сүйрейтін күшке айналып, экономикаға оң серпін беретін күндер алыс емес. Қазір Түркістан өңірінің, Түркістан қаласының жаңа ғасырдағы жылнамасы жазылып жатыр. Жылнама жарқын істермен өрнектеле бергей! Түркістан облысының азаматтық қоғамның дамуы оны жаңғырту үрдісі – ұдайы белсенділікті және біртіндеп сапалы құрылымдық қоғамды, оң өзгерістері мен даму факторлары болып табылады. Атап айтқанда, білім, ғылым, мәдениет, халықтың өмір сүру сапасы, адами капитал.Қазіргі Қазақстанның қоғамдық дамуына алдымен саяси плюрализмнің орнығуы мен дамуы тән. Бұл әртүрлі қоғамдық және саяси бірлестіктердің пайда болуы мен дамуына байланысты. Олардың көбі бұрынғы клубтардан пайда болған. Мысалы, 1988 жылдың жазында «Көк майдан» ассоциациясы пайда болды.
Жалғасы бар.